Жаңа кітап – жан азығы
2017 жылғы 29 наурыз күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» ғылыми кітапханасында Анатолий Оловинцовтың «Түріктер немесе монғолдар. «Қысым әлде төзімділік?» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Шараны тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдинов жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған ЕҰУ-дің мәдени-даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА корреспонден-мүшесі Дихан Қамзабекұлы кітап авторының мамандығы техника саласына қатысты болса да, тарихты жазуға өзге мамандық иелерінің қатысқаны дұрыс деген ойын білдірді. Сонымен қатар бүгін ортақ тарихқа байланысты маңызды да мазмұнды әңгіме болатынын айта келіп, кітап авторына игі тілегін білдірді. Проректор «Мәңгілік ел» идеясына негізделген зерттеушінің еңбегі қадым заманнан тамыр тартатынын, тұжырымы мен құбылысы ерекше түркілік таным мен кітаптағы тарихи-көркем құндылықтар адамзаттың өркениет кеңістігіне өз үлесін қосатынына сендірді. Өз кезегінде сөз алған зерттеуші Анатолий Оловинцов бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған университет басшылығына алғыс білдіре келіп, тұсауы кесіліп отырған еңбек алтыншы мәрте жарық көріп отырғанын жеткізді. Күлтегіннің тас жазуының көшірмесі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қойылғанын ерекше атай келіп, Күлтегіннің көктасындағы жазуларына тоқталды. Оның ішінде “Барлық айтар сөзімді мәңгілік тасқа бастым» – деген сөздерді мысалға ала отырып, кітапқа енгізілген тарихи суреттер арқылы дәйекті әңгіме қозғады. Жиын барысында шараға қатысушы тарихшы-ғалымдар Сұлтан-Хан Аққұлы, Мұхит Сыдықназаров және т.б. ғалымдар кітап авторына сұрақтар қойып, көкейінде жүрген сауалдарына жауап тапқандай болды. Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне арналған шараға Еуразия ұлттық университетінің басшылығы, белгілі ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.