Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағының V Бас Ассамблеясы өтті

Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағының

 V Бас Ассамблеясы өтті

2021 жылдың 26 қазаны күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде (бұдан әрі – Университет) Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағының V Бас Ассамблеясы өтті.

Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдеріндегі 32 университеттің ректорлары, ғалымдары мен студенттері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар,  эксперттер, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Мәжіліс Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Б. Әміреев, Бас хатшының орынбасары Ө. Кожаман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы М. Шимшек және университет ректоры Ж. Темірбекованың құттықтау сөзімен басталды.

Ассамблеяда сөз алған Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев жаһанды жаулаған пандемиядан кейін қайта бас қосқан жиын қатысушыларына сәттілік тілеп, шараның жалпы түрік қоғамындағы маңызын тілге тиек етті.

«Түркістан – түркі цивилизациясының бесігі. Жыл сайын болатын жиын пандемияға байланысты біраз уақыт тоқтап қалды. Ал бүгін бүкіл түркі мемлекеттерінен университет ректорлары бас қосып отырмыз, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылаймыз. Нәтижелі жиын болады деген сеніміміз мол», - деді Түрік Кеңесінің Бас хатшысы.

Бұдан әрі Түркі әлемі университеттер Одағына 2018 – 2021 жылдар кезеңінде төрағалық қызмет атқарған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Университет төрағалығы кезеңінде І Жас Көшбасшылар форумы, «Түркі әлемінің алтын бесігі –Түркістан» атты халықаралық жастар форумы , Халықаралық «Түркістан мемлекеттік басқару жазғы мектебі», Түркология ғылыми зерттеу институтының ұйымдастыруымен ІХ Түркология Конгресі және т.б айтулы шаралар өтті.

Университет есебін тыңдаған Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев пен Ассамблеяға жиналғандар атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.

Жиын барысында «Орхун» ұтқырлық бағдарламасының мәселелері және оны дамытуға қатысты нақты қадамдар қарастырылды. Мүше университеттер бағдарлама аясында жүзеге асқан жобалар бойынша есеп берді.

Сонымен қатар, мәжіліске қатысушылар Студенттік Кеңес тарапынан атқарылған іс-шараларды талқылап, 2021-2022 жылдарға арналған «Жол картасын» әзірлеу үшін ой-пікірлерін ортаға салды.

V Бас Ассамблея мәжілісінде Түркі әлемі университеттері Одағына жаңадан Өзбекстан Респаубликасынан –  4, Қырғызстан Республикасынан – 2, Қазақстаннан — 1 университеттің мүшелігі ресми түрде бекітілді.

Шара соңында 2018 – 2021 жылдар аралығында артылған міндетті абыроймен атқарған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тағы бір жыл төрағалық етуіне шешім қабылданды.

Айта кетейік, Түрік  Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағы 2013 жылы құрылған. Қазіргі таңда Одаққа  Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдерінен 40-тан астам университет мүше.